«ЖЕТІСАЙ» КОМАНДАСЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Бүгін «Жетісай» футбол клубының теңбіл доп шеберлері Жетісай қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда Маңғыстаудың «Каспий Ж» командасын қабылдады.

Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты клубтың кезекті ойынын аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының депутаттары Олжас Қаныбеков, Елдос Ахметов пен Айбек Сұлтанмұрат, спорт ардагерлері мен аудан тұрғындары тамашалап, жанкүйерлік жасады.

Ойынның алғашқы минутынан-ақ қауіпті шабуылды бастаған «Жетісай» футбол клубының ойыншысы Димаш Құдайберген 2-ші минутта қарсыластың қақпасына гол соқса, 21-ші минутта «Каспий» командасының ойыншысы Аслан Габиден айып алаңынан гол соғып, есепті теңестірді.

Осыдан кейін қос команда да бір-біріне қанша шабуыл ұйымдастырса да нәтиже болмады. І тайм 1:1 есебімен аяқталды.

Кездесудің ІІ таймында жетісайлық теңбіл доп шеберлері шабуылдарын үдете түсті. Айла-тәсілдерін ұтымды пайдаланып, қарсылас команданың ұрымтал тұсын тапқан «Жетісай» футбол командасының шабуылдаушысы, 17 нөмерлі ойыншы Тимур Зуфтаров ойынның 57-ші минутында екінші голды соғып, есепті еселей түсті. Ал, кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда жетісайлық 12 нөмерлі ойыншы Арман Алтаев үшінші голды соғып, жанкүйерлердің сенімін ақтады.

Осылайша «Жетісай» – «Каспий Ж» командалары арасындағы кездесу 3:1 есебімен аяқталды.

Футболдан ІІ лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігінің төртінші турын жеңіспен тәмамдаған «Жетісай» футбол клубының ойыншылары келесі кездесуін Алатаудың баурайында өткізетін болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *