ТҮРКІСТАН: ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІҢ САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өңірімізге қажетті жаңа мектеп және қосымша ғимарат салу мақсатында жиын өтті. Кәсіпкерлерге осы бағытта бірқатар ақпарат ұсынылды.

Жиынға Түркістан облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, тиісті департамент және басқарма басшылары, аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері мен  кәсіпкерлер қатысты.

  • Түркістанда  2023-2025 жылдар аралығында 100-ге жуық мектеп салынады. 2023 жылы 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 137-ні құрады. Осы ретте кәсіпкерлердің де ықпалы зор. Десе де «Жайлы мектеп» жанынан жекеменшік мектеп салу тиімсіз. Оны білім нысандары жетіспейтін, сонымен қатар, шалғай елді мекендерде салу әлдеқайда пайдалы деп ойлаймын, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Аталған басқосуда Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов білім беру қызметімен айналысуға лицензиялауды электрондық түрде рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы ұсынуға жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ, департамент басшысының мәліметінше қазіргі таңда құрылыс салуды қажет ететін 23 мектеп, 6512 оқушы орын тапшылығы анықталған. Оның ішінде Қазығұрт пен Келес аудандарында 4 мектептен салу қажет болса, 3 елді мекенде білім ошағы мүлдем жоқ. Жалпы бүгінде 11 кәсіпкер қызығушылық танытып, нақты 5 ұсыныс түскен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *