ЖЕТІСАЙДА ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛЫП, ОБЛЫСТЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

Шахмат — ақыл-ой өрісті дамытатын үстел спорт ойыны. Бүгінде спорт түрінің бренд ойындарының біріне айналған шахмат ойынына қызығушылық Жетісай ауданындағы ересектер, балалар мен жасөспірімдер арасында күн санап артып келеді.

Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлының әр аудан аумағынан шахматты дамыту туралы берген арнайы тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында Түркістан облысы шахмат федерациясының филиалы ашылды. Федерация филиалының басшысы болып Ербол Таленов сайланды.

Федерация филиалының ашылуы аясында Жаңа ауыл ауылдық округінің Ынтымақ елді мекеніндегі №20 Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектеп ғимаратында Мақтаарал, Жетісай аудандарының білім саласына еңбегі сіңген ұстаз Балтабаев Сағидулла Атажанұлын еске алуға арналған шахматтан облыстық біріншілік басталды. Аталмыш жарысқа облыс аумағында орналасқан аудан, қалалардан 120 шахматшы қатысуда.

Шараның салтанатты ашылуына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен Түркістан облысы шахмат федерациясының басшысы Асхат Майкөтов қатысып, шахматшыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 4 штат бірлік шахмат жаттықтырушысы берілсе, Жетісай ауданы әкімшілігінің қолдаумен «Жетісай спорт клубы» КММ-не 2 штат шахмат жаттықтырушысы берілген. Ауданда бүгінде шахмат үйрмелеріне 100-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде қатысуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *