ТЫҢ ИГЕРІП, ТӨРЕ АТАНҒАН КЕМЕЛ АҚСАҚАЛ

Мырзаханов Кемел Мырзаханұлы Мақтарал ауданы, Қызыл Жұлдыз колхозында 1933 жылы дүниеге келген. Балалық шағы коллективтендіру және екінші дүние жүзілік соғыс кезеңіне тура келеді. Сол қиын-қыстау жылдары әке-шешесінен ерте айырылып, соғыстың барлық ауыртпалықтарын, ашаршылық зардаптарын бастан өткізді. Жастай еңбекке араласып, ерте есейді. Арба айдаудан бастап жер жырту, егін егу, егін жинау, әйелдерге көмектесу, қолқабыс жасау сияқты кез-келген жұмысты атқарды. Сушы да болды. Жұмысшы да болды. Жасынан оның зеректігі мен тындырымдығын ескеріп колхоз басшылығы оны сумұрабтығына, одан соң есепшілікке қызметке қойды. Ауыл СелПО бастығы оның зеркетігі мен есепке жүйріктігін, өз ісіне пысықтығын байқап 16 жасында үлкен дүкенді сеніп тапсырады. Бұл жұмыстардың барлығын абыроймен атқарып, биіктерден көріне білді.

Ауыл мектебін тамамдаған соң, Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, есепші мамандығы бойынша білім алып, бітіріп шыққан.

Кемел аға тумысынан мейрімді, адал, қарапайым, бауырмашыл, болашақты ойлай білетін жан еді. Осы қасиеттерін ауыл адамдары құрметтейтін, оған үлкен үмітпен қарайтын. Сол жылдары көрші аудандарда тың жерлер игеріліп, жаңа совхоздар ашылып жатқан кез еді. Сол уақытта жасы 25-ке келген Кемел аға ауылдағы ағайындарын шақырып, жаңа жерлерді игеріп, жаңа тұрмыс бастау жайындағы өз ұсынысын айтады. Бұл ұсынысты Жақсыбай, Әдине, Қалдар, Тұрғынбай, Түшіген, Сапах, Әлтәй, Төлеп, Үрдеш, Есіркеп, Жарылқап секілді ауыл ақсақалдары қолдап, көш түзейді. Содан Кемел аға күндіз-түні бірнеше көлік ұйымдастырып, елді жаңа қонысқа көшіруді бастады. Бұл 1959 жылдың наурыз айы еді. Кемел аға «Мақталы» совхозының №6 бөлімшесінің (қазіргі «Атамекен» ауылдық округіне қарасты бұрынғы Өзбек ССР 40 жылдығы совхозының №4 бөлімшесінде) алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болды. Алғашқы кезде көшіп келгендер ауылдың қасындағы төбені жағалай жертөле қазып, сонда тұрады. Кейіннен үйлер салынып, ол үйлер күзге қарай бітіп, күзде жаңа үйлерге көшіп кіреді. Кемекең осы бөлімшенің есепшісі болды. Кейіннен жаңадан құрылған «Өзбек ССР 40-жылдығы» кеңшарының бас есепшісі болып қызмет атқарды. Адал да қажырлы еңбегі үшін үкіметтің бірнеше марапаттына ие болды. «Октябрь революциясының 60 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Аудан, облыс басшыларының мақтау грамоталары мен  Алғыс хаттарын алды.

Өзінің қажырлы еңбегі, байсалдылығы мен іскерлігінің арқасында өз ісінің білгірі атанды. Кеңшардың бас есепшісі қызметін тапжылмай  25 жыл атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Кемел ата еліміз Тәуелсіздік алып, көк туды көкке желбіреткен алғашқы жылдары өзі тұратын №4 бөлімше маңындағы Атамекен округіндегі «Шора молда» мешітін салуды ұйымдастырып, басшылық жасады, қаржылай көмек берді. «Шора молда» мешітін салғаннан кейін өз ауылында да халық игілігі үшін мешіт салды.

Кемел аға ауыл-елге, әсіресе, кемтар, тұрмысы нашар, жетім-жесір жандарға көп қамқорлық жасап, көмек беріп тұрды. Осы қасиетінің арқасында жомарт, сақы ата атанды. Елдің атасы, елдің иесі атанды. Елдің ішінде болып тұратын дау-дамай, ұрыс-керістерді шешіп беріп, елді ынтымаққа, ауызбіршілікке  шақырып отыратын. Сол әділдігі мен турашылдығы үшін ол кісіні ел, ауыл-аймақ құрметтеп сыйлаушы еді.

Еліміз Тәуелсіздік алғанына шын қуаған Кемекең ауыл жастарының спортқа деген,  әсіресе, ат спортына деген қызығушылығы мен рухын көтеру мақсатында көкпар тойын және құдайы асын өткізіп берді. Облыс көлеміндегі көкпар жарысы 2 күн болды. Қанша мал тоғыз, ақшалай да қаржы тігіліп, халық та көкпаршылар да риза болды.

Имандылық жолына шын түскен Кемел аға  өз ауылында, халқының қамы үшін жас жеткіншек ұрпақ білімсіз, имансыз болмасын деген оймен медіресе ашып, оқушыларға дәріс беретін ұстаздарды Қырғыстаннан алдыртты. Зұлқарнайын деген қары-ұстаз ауыл тұрғындарына, жас шәкірттерге имандылық ілімінен дәріс берді. Оқушылардың дені ауылдың өзінен, өзгелері көрші аудан-ауылдардан еді. Осыншама жас оқушылардың тамағы мен жататын жайына кететін шығындарды Кемел аға өз мойнына алды. Осы медіреседе дәріс тыңдап, сауатын ашып, хақ жолына түскен 300-дей шәкірт Кемел ағаны өз аталарындай құрмет етеді. Осы жастардың көбісі Қазақстанның түрлі облыстарында имам, наиб-имам болып қызмет атқарады. Алланың ризашылығы жолында қызмет ете жүріп Кемел атамыз 1997 жылы Мекке-Мадинаға қажылық сапарға барып қажы атанып қайтты. Кемел аға Ақшагүл анамызбен отандасып 7 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Қәзіргі уақытта ұл-қыздары түрлі салада қызмет атқарып, бала тәрбиелеп ата жолын жалғастырып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *