АУДАН ӘКІМІ ALASH PRIDE ЧЕМПИОНЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы ALASH PRIDE GRAND PRIX жеңімпазы Бағдос Олжабайды қабылдап, жеткен жетістіктерімен құттықтады деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Жетісай ауданына қарасты Мақталы ауылдық округінде 1996 жылы дүниеге келген Бағдос Олжабай 2021 жылдың 8 қазаны күні Алматы қаласында өткен Халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, чемпиондық белбеуге ие болған еді.
Орта Азияның Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінің кіл мықты 8 спортшысы қатысқан ALASH PRIDE GRAND PRIX турнирінде Бағдос Олжабай елдің намысын қорғап, жанкүйерлерінің үмітін ақтады.
«Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз бүкіл жетісайлықтардың жеңісі, еліміздің абыройы.
Октагондағы жеңіс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Үлкен рухани күш, тынымсыз дайындық, отансүйгіштік қасиеттер бір арнаға тоғысқанда ғана жоғары нәтиже болады. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! Өздеріңіздей өр мінезді жігіттердің жеңісі – өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз» деді аудан басшысы.
Жастайынан спорттың еркін күрес түрімен айналысқан Бағдос Олжабай бүгінде Ұлттық спорт Жекпе-жек федерациясының спортшысы. Алдағы уақытта өзі туып-өскен ауылынан спорт мектебін ашу ниеті бар екенін жеткізді.
«Халық арасында қазақтың жекпе-жек спорт өнерін кеңінен тарату, әлемдік деңгейде мәртебесін көтеру және рухани байлыққа, салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, жастар арасында нашақорлыққа қарсы дағдыны қалыптастыра отырып қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауыл балаларына арнап арнайы спорт мектебін ашсақ деген ниетіміз бар» деді чемпион.
Айтылған ұсынысты қолдаған аудан әкімі Серік Пірімбеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиевке тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Маусым айында БАӘ Абу-Даби қаласында өтетін жекпе-жекте ел намысын қорғайтын Бағдос бұған дейін де 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен жекпе-жек спортының V фестивалінде және Қытайдың Пекин қаласында ММА-дан өткен әлем чемпионатында күміс жүлделерге ие болған. ALASH PRIDE турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *