ҰСТАЗДАР ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖОЛДАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің оған қарсы сананы қалыптастырудан басталатынын алға тартқан Жетісай және Мақтаарал ауданының ұстаздар өңірлік семинарда бас қосты деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

 

Сыбайлас жемқорлық – сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұру аса маңызды. Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі қоғамның негізгі қолбайлау болып отырған өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан онымен күресті жас буыннан, өскелең ұрпақтан бастаған тиімді болмақ.

Осы мақсатта «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Біз жемқорлықсыз мемлекет құрамыз» тақырыбында өңірлік семинар болып өтті. Жиынға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ержан Жүнісов пен Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Құрманғазы Қалықұл, Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев пен Мақтаарал ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы жалпы орта мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары қатысты.

«ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 9 бабында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі»-дейді. Бұл дегеніміз білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы осындай шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады деген сөз. «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігіне осындай мән-маңызы жоғары шара ұйымдастырғандары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз» деді жиын барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ержан Жүнісов.

Ал, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Құрманғазы Қалықұл «Білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, Білім және Ғылым министрлігінің бірқатар бұйрықтарына енгізілген өзгерістер жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық ұстанымы мен адам баласы бойына қажетті құндылық қатынастарды қалыптастырып, қабілеттерін дамытатын басты тұлға саналатын ұстаздармен өткен жиында бейнероликтер көрсетілді. Сыбайлас жемқорлық салдарынан қоғамға, өнеркәсіпке келтірілетін зияндар мен кері әсерлері айтылды, жемқорлық қылмыстары жиі кездесетін салалар сөз болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің оған қарсы сананы қалыптастырудан басталатынын алға тартқан қатысушылар қоғамдағы бірлік, әдеп, игі адами қарым-қатынас пен ұйымшылдық құндылықтарының сақталуын жақтайтындықтарын да жасырмады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы түрдн сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – ол тек қана сана емес, ол – сыбайлас жемқорлықты бүкіл жан-тәнімен қабылдамау, қарсы тұра білу. Баршаңызды бірігіп жемқорлықпен күресуге шақырамын» дейді шараға қатысқан «Ә.Молдағұлова» атындағы жалпы орта мектебінің директоры, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Мұхтар Тәңірбергенов.

Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар талқыланған басқосу барысында қатысушылар мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет жасап, билік пен басқару органдарының беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай заңдылық қағидаларын жоққа шығаратын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайтын қылмыстың ең қауіпті түрі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті алдағы уақытта да жандандыра беретіндіктерін айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *