ЖЕТІСАЙДА ЖАЛҒЫЗ ҰОС АРДАГЕРІ ҚАЛҒАН

Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелері қарсаңында аудандағы жалғыз ҰОС ардагеріне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мерекелік құттықтауын, жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млн мен демеушілер есебінен 300 мың теңге қаржыны, мерекелік себетті тарту етті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

1418 күн мен түнге созылған қайғы қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған соғыстың зардабын шеккен жетісайлық Ұлы Отан Соғысының ардагері Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген.
Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек пен шаһар басшысы Тұрышбек Елшібаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Жұмағали Төреқұл, ҰҚК-нің шекара қызметінің офицерлері Ұлы Отан Соғысының соңғы солдатын «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
«Мереке аясында аудандағы жалғыз ҰОС ардагеріне жергілікті бюджеттен 1 млн теңге, демеушілер есебінен 300 мың теңге табысталды.
Одан бөлек аудандағы 9 ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, 358 тыл ардагерлеріне, Ауған демократиялық соғысына қатысқан 185 ардагерге және Семей полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккен 45 адамға мен Чернобль апатынан зардап шеккен 31 адамға жергілікті қазынадан 30 мың теңгеден берілді» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.
Айта кетейік, 1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан 5 немере мен 9 шөбере сүйген қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *