ЖЕТІСАЙДА МАҚТА ТЕРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығы саласы саналатын аграрлы аймақ – Жетісай ауданының дихандары үшін әрбір күн мен сағатты тиімді пайдалану өте маңызды. Мол табысқа жетуде уақытылы дән сеуіп, дер кезінде минералды тыңайтқыштарды беру, кешіктірмей егістікті сығару үлкен рөл атқарады. Тынымсыз еңбек өз нәтижесін берері де сөзсіз.
Ала жаздай таңның атысынан кештің батысына дейін егістік алқапта тынымсыз еңбек етіп, еңбексүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан жетісайлық шаруалар мақта терім науқанын бастап та жіберді. Өнімділік те жаман емес.
Мамыр айының соңғы күндерінде 21 гектар алқапқа еккен шитті мақтасынан алғашқы өнімдерін жинауды бастаған Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округіндегі «Ибрахим» шаруа қожалығы әр гектарынан бірінші терімнің өзінен 30 центнерден өнім алып отыр.
Мақта терімді өзгелерден ерте бастаған қожалықтың егістік алқабында болған Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Көбейбек Алиев пен ауылдық округ әкімі Мейрамбек Абдумажитов шаруалармен тілдесіп, қырмандарына береке тілеп қайтты.
«Ауданынның негізгі өнімі саналатын мақта өнімі өзге дақылдар сияқты 2-3 айда емес, ұзақ уақытта пісетін болғандықтан ерекше күтімді қажет етеді. Ауданның, округтің әкіміне көп рақмет, биыл судан, минералды тыңайтқыштар мен жанар жағар майдан тапшылық болған жоқ. Уақытылы ағын суымызды алдық. Мақтаның көсек құрты аздап әбігерге салғаны болмаса басқасы дұрыс. Міне, қазір алғашқы терімді бастадық. Өнім әзірге жаман емес. Бастысы – мақта бағасы көңілге қонымды болып шаруалардың еңбектерін ақтаса болды» дейді шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Насридинов.
Жергілікті әкімнің мәліметінше округ бойынша жалпы округтегі 8385 гектар суармалы жердің 5670 гектарына шитті мақтаның тұқымы себілген. Биылғы жылы өнімді шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алуды басты мақсат етіп отырған округ дихандары өнім көлемін гектарына 27 центнерден жоспарлап отыр. Мамандар ауылдық округте 145 комбайн мақта терімге сақадай-сай тұрғанын айтады.
Ендігі кезекте жауапты сала мамандарының басты міндеті – дихан-шаруалардың маңдай тері тамған егістік алқаптарындағы ақ алтынды жауын-шашынға қалдырмай қырманға толтыру болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *