АРДАГЕРЛЕРГЕ СЫЙ-СИЯПАТ ЖАСАЛДЫ

Ардагер – құрметті, ардақты, қадірлі адам деген мағынаны білдіретін этикалық ұғым.
Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық «АРДАГЕР» деп жоғары бағалайды.
Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер бола алады.
Міне, осындай ел ағалары атанған ардагерлерге арнап ашылған Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Асыл қазына және Тең қоғам» КММ орталығында аудандық ардагерлер кеңесі мен «Варшава келісімі мен Орталық Әскер тобының ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Жетісай ауданы бойынша филиалының ұйымдастыруымен арнайы іс-шара болып өтті.
Шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбетов, «Асыл қазына және Тең қоғам» КММ директоры Бауыржан Норбаев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев, «Варшава келісімі мен Орталық Әскер тобының ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігі мүшелері мен ҰОС ардагері Попков Петр Кузьмич қатысты.
1955 жылы достық, әріптестік және өзара көмек жөнінде Албания, Болгария, Мажарстан, ГДР, Польша, Румыния, Чехословакия және КСРО арасында «Варшава келісімі» негізінде құрылған әскери-саяси одаққа мүше болған бірқатар азаматтарға қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалы төрағасы Бауыржан Зияхановтың алғыс хаттары мен «Герман жерінде интернационалдық борышын өтегені үшін» төсбелгілері, аудандағы ҰОС соңғы ардагерінің иығына шапан жабылып, азық-түлік себеті табыс етілді.
Ауданда құрылғанына көп бола қоймаса да қоғамдық істерде белсенділік танытып жүрген «Варшава келісімі мен Орталық Әскер тобының ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің бүгінде ауданда 120-ға тарта мүшесі бар. Бірлестік мүшелері алдағы уақытта да белсенділіктерін арттыруға, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті.
Жиын соңында мекеме басшысы Бауыржан Норбаев орталықта дәрігерлік кеңестер беріліп, тұзбен емдеу, сенсорлық бөлме, емдік физкультура-йога, тренажер залы, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмектер, емдеу және жақсарту психологиясы сынды әлеуметтік қызметтер көрсетілетінін айтып, ардагерлерді өмір белсенділігін арттыруға, бос уақыттарын тиімді өткізуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *