ШАРДАРАДА ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТПЕН КӘСІБІН АШҚАНДАРДЫҢ САНЫ АРТҚАН

2021-2025 кəсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы аясында Шардара ауданында өз кәсібін ашуға қызығушылық танытушылардың қатары артып, жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеген деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Шардаралық Әсел Мүйтенова өткен жылы 583 мың теңге мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастағандардың бірі. Бұған дейін де ағайын-туыс пен көрші-қолаңның өтініші мен тапсырысымен үй жағдайында тәттілер әзірлеп келген.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жобасы мақұлданған Əсел грант қаржысына қысқатолқынды пештер мен тоңазтқыштар сатып алған. Қосымша өз қаражаты есебінен де қажетті заттарын түгендеп, кондитерлік кәсіппен кеңінен айналысқан.
Бүгінде «Жансу тәттілері» деп аталатын дүкен ашып, өнімдерін саудалауда. Заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындардан тапсырыстар қабылдап отырады. Тәттіге деген тұрғындардың сұранысы да жаман емес.
Аудан әкімінің тапсырмасына орай жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің жергілікті жерлердегі тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс түсіндіріп, қызығушылық танытушылармен тығыз жұмыс жүргізуінің нәтижесінде бүгінде ауданда қайтарымсыз қаржыға кəсібін ашқандардың саны артқан.
Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нартай Майхановтың айтуынша өткен жылы мемлекеттік грант алуға өтініш білдірген 180 азаматтың 130-на тиісті комиссия тарапынан оң шешім шығарылса, биылғы жылдың басынан бері 102 шардаралық шаруаларын дөңгелетіп, кәсібін ашу үшін құжат тапсырған.
Сонымен қатар, қала тұрғындарынан бөлек ауыл азаматтары да грантқа қол жеткізіп, отбасылық бизнесті жолға қойғандар да бар. Олардың басым бөлігі құрылыстық қарқын алуына байланысты пластик есік-терезелер жасаса, көлік санының артуына қарай техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашқан.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы – бірінші кезекте елдегі жұмыссыздың деңгейінің төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *