ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ

Жетісай ауданында «2022 жыл – Балалар жылы» және «ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылы» аясында үстел теннисінен жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты бастау алды деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің №13 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінде 2004 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер арасында өтіп жатқан чемпионаттың салтанатты ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық мәслихат хатшысы, «Жетісай ауданының үстел теннис федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Әлихан Утанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысып, жасөспірімдерге сәттілік пен жеңіс тіледі.
Сонымен қатар, «Жетісай ауданының үстел теннис федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Әлихан Утанов облыс құрамасы сапында өнер көрсеткен жетісайлық жүлдегерлерді марапаттап, қаржылай сый-сияпаттар жасады.
Айта кетейік, наурыз айының соңғы күндері Алматы қаласында үстел теннисінен 2007 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары Рамазан Нәзір командалық және жұптық сында чемпион, жекелей сында қола жүлдегер атанса, Назым Серікбай жұптық және аралас сында күміс жүлдегер атанған болатын.
«Сіздер жеңістеріңіз арқылы тек ауданның ғана емес облыстың мерейін асырып, республикаға паш еттіңіздер. Жетісайда салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорттың даму деңгейін көрсеттіңіздер, жылдар бойы жасап жүрген жаттығуларыңыздың нәтижесін бағамдадыңыздар. Қашан да жолдарыңыз ашық, жеңісті күндеріңіз көп болсын!» деді Әлихан Утанов.
Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, «Түркістан облысы үстел теннис федерациясы» мен «Жетісай ауданының үстел теннис федерациясы» қоғамдық бірлестіктерінің мұрындық болуымен түңлігі түрілген 4 күндік чемпионатқа Түлкібас, Сайрам, Отырар, Шардара, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Бәйдібек аудандарымен қатар Түркістан мен Кентау қалаларынан келген 11 командада 150-ден астам жасөспірімдер өзара мықтыларды анықтамақ. Жеңімпаздар мамыр айында Алматы қаласында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.
«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, спортты жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Спортпен айналысатын жастар көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады» дейді Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Спорт – денсаулық кепілі. Ауданда тұрғындар арасында дене шынықтыру мен спорт саласын кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде спортты жанына серік еткендердің саны күн санап артып келеді.
Ашылғанына көп бола қоймаса да ауданда 100-ден астам жетісайлық үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Тек шұғылданып қана қоймай, жоғары нәтиже көрсетіп жүргендері де аз емес.
Үстел теннисінен Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Ержан Есімхановтың айтуынша бүгінде республикалық құрамада 3 жетісайлық, облыс құрамасында 15 жетісайлық өнер көрсетсе, жақында жетісайлық Мамай Абдулла Францияда ел намысын қорғамақ.
Мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын бірден-бір көрсеткіш саналатын спорт саласы азаматтардың өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мен саламатты ұрпақ тәрбиелеудің негізгі тетігі есептеледі.
Айта кетейік, аталмыш чемпионат «2022 жыл – Балалар жылы» және «ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылы» аясында өткізіліп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *