АУДАН ЖАСТАРЫ АУЫЗАШАР БЕРДІ

Рамазан айында Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев бастаған ұжымның ұйымдастыруымен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің, «Жанықұл» медициналық колледжінің, Жетісай Жоғары медицина колледжінің, «Сырдария» университеті мен №15 Асықата кәсіптік-техникалық колледжінің жалпы саны 150 студентіне ауызашар берілді деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Рамазан — Жаратушының мұсылман қауымына тартқан теңдессіз ұлық сыйы. Рамазан — жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сол себепті осы айда сауап іздеушілер ізгі амалдар жасауда өзара жарысады. Осындай Рамазан айында Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев бастаған ұжымның ұйымдастыруымен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің, «Жанықұл» медициналық колледжінің, Жетісай Жоғары медицина колледжінің, «Сырдария» университеті мен №15 Асықата кәсіптік-техникалық колледжінің жалпы саны 150 студентке ауызашар берілді.
Адам баласының тақуалығын күшейтетін ораза ұстау жайлы Алла Тағаланың ораза туралы уахи еткен қасиетті аятында: «тақуалықтан үміттерің болса» делінген.
Аудан әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов пен Жетісай қаласы «Әт-Тақуа» мешітінің имамы Нұрбек Джунисов, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Ләззат Баймаханова арнайы қатысқан сауабы мол шарада өнегелі өсиеттер айтылып, ауыз бекітудің сауабы мен пайдасы, талаптары түсіндірілді.
«Ораза айында пенделердің ғибадаттары мен жасаған жақсылықтарын періште атаулы жарыса жазып, ораза сауабын өлшеп жазуда қаламы тоқтап, тек «ораза ұстады» дегенді баяндаумен ғана шектеледі. Себебі, сауап мөлшерін тек Ұлы Жаратушы Иеміздің өзі ғана анықтайды екен.
Бұл қасиетті айда ішіп-жеуге ғана емес, өсек-ғайбат айтпасын деп тілге, әдепсіз нәрсені көрмесін деп көзге, ондайларды естімесін, білмесін деп құлаққа, теріс нәрсені ойламасын деп ойға да ораза тұтады. Мұқтаждарға қолұшын созып, жақсылық жасап жарысады» дейді«Әт-Тақуа» мешітінің имамы Нұрбек Джунисов.
Қасиетті Рамазан айының құндылығын насихаттаған рухани кеш барысында ұлттық өнерге де кезек беріліп, жарапазан айтылды. Құран оқылып, ел тыныштығы үшін дұға жасалды. Оқу орындарының студенттері игі іске мұрындық болған орталық қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, тарқасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *