ШЫМКЕНТТЕ ҒАЛАМТОРДАН ДІНИ АҚПАРАТ АЛУДЫҢ ҚАУІПТІЛІГІ ЖАЙЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қаласы “Жастар ресурстық орталығы” КММ Аутрич және NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің ұйымдастыруымен жастардың діни танымдығын арттыру мақсатында «Halifa Al-Nahaian Aqmeshıtı» орталық мешітінің бірінші наиб имамы Мұсабек Ақтамберді және Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог-маманы Айтаев Икрам Садырбайұлымен кездесу өткізілді деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Іс-шара студенттерге экстремизм мен терроризм туралы кеңінен түсінік беру, оның түрлері, себептері мен зардаптарын ұғындыру, жасөспірімге қоғамның әлеуметтік, құқықтық, діни сипаттарын ұғындыра отырып, оларды террорлық, лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу және жасөспірімдерге бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге Шымкент қаласы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог -маманы Айтаев Икрам Садырбайұлы, «Halifa Al-Nahaian Aqmeshıtı» орталық мешітінің бірінші наиб имамы Мұсабек Ақтамберді, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебі басшысының орынбасары Айтов Руслан Шавкатович, Шымкент қаласының жас спортшылары мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
«Қандай уақыт болса да қазіргі ғаламтордағы болып жатқан әртүрлі арандатушылық іс-әрекетке жастардың түсіп қалмауын қадағалауымыз қажет. Себебі, жалындап тұрған жас кезінде, бойында күш-қуаты қайнап тұрғанда адам көп нәрсеге дайын болады. Осы күш-жігерлеріңіз тек қана игілікке, ізгілікке, елдің, халықтың, яғни, өзіміздің болашағымызға, білім алуымызға, еңбектеніп тыным таппай, сол еңбектің жемісін көруге жұмсалу керек” деді «Halifa Al-Nahaian Aqmeshıtı» орталық мешітінің бірінші наиб имамы Мұсабек Ақтамберді.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог-маманы Айтаев Икрам Садырбайұлы жат ағымдардың жетегінде кеткен адамдардың бойында болатын бірнеше өзгерістерге тоқталып өтті. Тура жолдан адасушылардың бойында өздерінің қазақша есімдерін арабша есімдерге өзгерту, күнделікті сөз қолданысында да араб сөздерін қолдану, келіннің үлкен кісілерге сәлем салуы секілді салт-дәстүрлерімізге қарсы келу, Діни Басқармасының рұқсаты берілмеген кітаптарды, сайттарды қолдану секілді белгілердің болатынын айтады.
Қазіргі таңда Дін істері комитеті сараптау комиссиясы мақұлдаған Fatua.kz, Muslim.kz, Ummet.kz, Muftyat.kz, Islam.kz сайттарының тізімі жастарға берілді. Жиында арнайы сала мамандары ақпараттарды сараламай қолданудың арты әртүрлі өкініштерге, айыппұл төлеу, тіпті, сот алдында жауап беруге дейін апаратындығына тоқталды.
Тақырып аясында сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер талқыланды. Жақсы ен жаманның аражігі ажыратылып, дін мен дәстүрдің сабақтастығы сөз болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *