ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІЛЕР АРАСЫНДА ТУРНИР ӨТТІ

Мақтаарал аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық пробациялық қызмет бөлімінің ұйымдастыруымен “Спорт – нашақорлыққа қарсы” ұранымен волейболдан турнир болып өтті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Иіржар ауылдық округінде орналасқан Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №11 Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінде өткен әуе доп шеберлері турнирінің ашылу салтанатына Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы мен аудандық соттың төрағасы Құнанбай Мұсаев, Мақтаарал ауданының прокуроры Айтболат Досаев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сүндет Кенжебаев, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Мақтаарал аудандық филиалының басшысы Асан Ботабеков пен Мақтаарал пробациялық қызмет бөлімінің басшысы Нартай Сабаев, жаза басып есепке алынғандар мен NEET санатындағылар, өзге этнос өкілдерінің 29 жасқа дейінгі жастары қатысты.
“Спорт – денсаулық кепілі. Дені сау адам ғана қоғамның мызғымас, толыққанды мүшесі бола алады.
Сондықтан да болар, адам денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын дамытуға мемлекет ерекше назар аударып, арнайы бағдарламаларды бекіткен. Бекітілген бағдарламалардың бір бағыты аудандар мен елді мекендерде осындай бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі спорттық іс-шаралар өткізумен ұштасады” деді аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы.
Түрлі себептермер жаза басып, қылмысқа қол ұрғандарды қоғамға қайта бейімдеу, зиянды әдеттерден, әсіресе, нашақорлықтан бойларын аулақ ұстауға дағдыландыру, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруларына ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылған турнирге 6 командада 100-ге жуық сотталушы өзара мықтыларды анықтады.
Ойынның алғашқы сәттерінен бастап өздерінің жеңіске деген ұмтылыстары мен дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеп, әдемі ойын өрнегін көрсеткен қатысушылар жарыстың көркін қыздырып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жеңімпаздар ұйымдастырушылардың дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Айта кетейік, ауданда жаза басып, жауапкершілікке тартылған жандардв қоғамға қайта бейімдеу, тұрақты және ақылы қоғамдық жұмыстарға орналастыру, қайта даярлау курстарынан өткізіп, қысқа мерзімді оқуға жіберу, қоғамдық-мәдени, спорттық шараларға тарту ісі үздіксіз жүргізіліп келеді.
Былтырғы жылы басбостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрімен сотталған 45 азаматтың 28-і ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *