ШАРДАРАДА БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Бірлік пен татулықтың мерекесі саналатын «1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесін шағалалы ауданның жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Қазақтардың мәдени-этникалық дәстүрлерінен мұра болған рухани саладағы төзімділік қазіргі уақыт пен келешекте азаматтық әлемді сақтаудың берік негізі болып табылады. Бүгінгі күні елдегі қалыптасқан ұлтаралық татулық пен діни тұрақтылық – Қазақстан Республикасында 40-қа жуық конфессия мен деноминация өкілдерінңң, сондай-ақ, 130-дан астам ұлт пен этникалық топ өкілдерінің бейбіт және өзара түсіністікте өмір сүре алатындығының бірден-бір дәлелі.
Сан ғасырлар ата-бабаларымыз үшін арман болған қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының негізгі күші де дәл осы ұлтаралық татулықта. Ынтымақты дамытуда Шардара ауданы тұрғындарының да қосып отырған үлесі аз емес.
1995-жылы негізі қаланған Қазақстан халқының ассамблеясының 27 жылдығына орай ұйымдастырылған татулық пен ынтымақтастық дәріптеліп, елдегі саяси тұрақтылықты сақтауды насихатталды.
Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мерекелік шарада ізгі тілектерін айтып, жылы лебіздер білдірілді.
«Халқы жомарт, даласы дархан, орманы қорған, таулары қалқан болған ақ бесік атамекені бар, сол мекенде жусанының жұпар иісін иіскеген, өздігінен ешкімге тиіспеген елмізде ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз дамып келеді. Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар мекендеген, достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Жүздерімізге шуақ, бойымызға қуат әкелген «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі» күні құтты болсын!» дейді аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы.
Қазірде 22 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұратын ауданда әрбір этностардың этно-мәдени орталықтары тұрақты жұмыс жүргізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.
Айтулы мереке аясында аудан басшысы аудандағы өзге ұлт өкілдерін қабылдап, мерекелік сый-сияпат жасады. Елдің дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдірді.
«Еліміздегі тыныштық жүргізіліп отырған мемлекеттік сарабдал саясаттың, елдегі саяси тұрақтылықтың арқасы. Елдегі бірлік пен ынтымақты сақтауға қосқан үлесімізді, еткен еңбегімізді ескеріп, құрмет көрсетіп отырған аудан басшыларына үлкен алғыс айтамын. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» дейді өзбек ұлтының өкілі Роза Грохотова.
Салтанатты мерекелік іс-шара барысында аудандағы түрлі мәдени орталықтардың өкілдері құттықтау сөздерін айтып, өздерінің ұлттық өнерлерін ортаға салды. Әуелете ән салып, мың бұралып би биледі. Бәрінің де тілегі ел бірлігі мен ынтымағының берік болуы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *