МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ӨЗ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сырым Махамбетұлы Ертаев Қазығұрт ауданында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрді деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Мәжілісменге мәселесін айтып келген қазығұрттықтардың қарасы қалың болды.
Негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласы саналатын Қазығұрт ауданында әсіресе, егіншілік пен мал шаруашылығы үлкен басымдыққа ие. Міне, сондықтан болар қоғамдық қабылдауға келгендер «Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қалай қолдап отыр және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға агроғылымның жәрдемі қаншалықты тиеді? Бүгінде аудан ауыл шаруашылығы дамуының қай кезеңінде? Саланың өсуі немесе құлдырау себебі неде?» деген сұрақтарға жауап іздеді.
Сырым Ертаевтың қабылдауына Сарапхана елді мекенінен келген Апбазбек Сманов «Қылмыстық Кодекстің құқықтық-нормативтік құжаттарының кей тұстарының заңға қайшы келетінін, қате рәсімдеген мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, «мерзімсіз» деп көрсетілген пунктіне өзгеріс енгізуді, сонымен қатар, кадастр акционерлік қоғамдастықтарының құзіретін Жер комитетіне өткізуді, орталық квазимемлекеттік құрылымдардан қаржыны жергілікті билікке беруді және әкімшілік кодекске «Елді мекендердегі тұрғындардың үй іргесіне тасталған қоқыс үшін екі көршісіне де айыппұл салуды» ұсыныс ретінде айтты.
Ал, Қазығұрт ауылының тұрғыны Абдумуталип Кубеев болса мемлекет шаруалармен делдалсыз тікелей жұмыс жасайтын «Агробанк» ашып, аудандарда филиалдарын іске қосу, агросекторға ұзақ және қысқа мерзімді жеңілдетілген несиелер беру арқылы дамыту керектігін, халқының саны 20 мыңнан асатын аудан орталықтарына қала статусын бере отырып жастардың туған жерге тұрақтауына ықпал етуді өтінді.
Сонымен қатар, «Қазығұртнесие» Кредиттік Серіктестігі Басқарма төрағасы Ербол Жузбаев ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырудағы несие талаптарын қайта қарау, несие берудегі кейбір шарттарды алып тастау, несие алу үшін шаруалар ұсынуы тиіс құжаттар тізбесін азайту бойынша ұсынысын жеткізсе, кәсіпкер Нұрболат Құралов климаттық жағдайы қолайлы бау-бақша және жүзім шаруашылығын қолға алғандарғарға инфроструктура (канал, ұңғыма, тамшылатып суғару жүйесі, электр жүйесі, жолдар, тоңазтқыш пен қоймалар) шығындарын 50% субсидиялау, субсидияны бұрынғы 5 гектардан 0,5 га кемітіп, қаржыландыруды төмен пайызбен жергілікті банктер арқылы жүзеге асыру туралы өтінішін жазбаша жеткізді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, дайын өнім өндіруші кәсіпорындардың, оларды өткізетін және сақтайтын қоймалардың ашылуына көмек сұраған шаруалар агроөнеркәсіптік кешендегі дайын өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыратындығын алға тартады.
Халық қалаулысының қабылдауында мемлекеттік жәрдемақылар мен жұмыссыздық секілді әлеуметтік мәселелер де айтылмай қалмады. Көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, мәжіліс депутатының бақылауына алынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *