МАҚТААРАЛДЫҢ ПРОКУРОРЫ МЕКЕМЕАРАЛЫҚ МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ

Мақтаарал ауданында ағымдағы жылы қылмыстық құқық бұзушылық қылмыстарының саны артқан. Осыған орай қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы бойынша Мақтаарал аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен мекемеаралық мәжіліс өтті. Онда қылмыстың алдын алу мәселелері мен себеп-салдары кеңінен талқыланды.
Аудан прокуроры Айтболат Досаев кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, ұлтарлық араздықтың және алаяқтық қылмыстардың алдын-алу бойынша орын алған қылмыстар мен кемшіліктерге тоқталды.
«Бұл қылмыстармен күресу үшін мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен осы қылмыстардың алдын алуға бағытталуы қажет» деді прокурор жиында.
Атап айтар болсақ, жыл басынан интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың саны едәуір өсіп, 27-ге жеткен. Интернет-алаяқтықтың құрығына әйел адамдардың жиі ілінетіні де айтылды.
Сонымен қатар, мәжілісте балаларды құқық бұзушылықтан қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің психологиялық ахуалына тоқталған прокурорлар кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, іс-шара жоспарлары бекітілгендігін жеткізді. Жауапты мекемелердің жасөспірімдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары мен олардың өз-өздеріне қол жұмсауының алдын алу бағытындағы жұмыстарын өз деңгейінде атқаруды тапсырды.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектептер мен балабақшаларға баратын жолдарды жарықтандыру, орталық көшелерді бейнебақылау камераларын орнату бойынша айтылған ұсыныстарға аудан әкімі Бақыт Асанов жергілікті бюджеттен бейнебақылау камераларын орнатуға 229 млн теңгенің қарастырылғанын жеткізді.
Мәжілісте аудан прокуроры Айтболат Досаев ауылдық округ әкімдеріне әрбір елді мекендерді аралап жүйелі жұмыстар атқаруды тапсырып, жауапты сала басшыларға заңды іс-шараларды толық түрде атқаруға шақырды.
Жиын барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар негізінде арнайы жұмысшы тобы құрылып, әр елді мекенде тұрғындар арасында қылмыстың алдын-алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *