МАҚТААРАЛДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ТУРНИР ӨТТІ

Мақтаарал ауданының полицейлері мектеп оқушылары арасында кіші футболдан аудандық турнир өткізді деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл «Балалар жылы» болып жарияланды.
Осыған орай, мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра білуге дағдыландыру, өзара достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Мен және менің полицейім» акциясы аясында кіші футболдан турнир болып өтті.
Мырзакент кентінде өткен теңбіл доп шеберлерінің додасына Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаттары Мұхтар Әжіқабылов пен Сүндет Кенжебаев, Мақтаарал аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қасымхан Сатыбалдиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Еламан Тұрдымұратов қатысып, жас футболшыларға жеңіс тіледі.
«Спорт – бірінші кезекте жастарымыздың жат қылықтардан бойларын аулақ ұстауларына, дені сау азамат болып қалыптасуларына, болашағына жоспар құрып, алдарына мақсат қоя білулеріне, ең бастысы – сол мақсаттарына жете білуге, бос уақыттарын пайдалы істерге жұмсауға тәрбиелейді. Бұқаралық спортты дамыту – ауыл жастарының арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға,бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра білулеріне оң ықпал етеді» дейді аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қасымхан Сатыбалдиев.
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының ұйымдастыруымен жасыл алаңда тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша турнирдің ІІІ орыны «А.Пушкин» атындағы жалпы орта мектебінің командасына бұйырса, «Абылайхан» атындағы жалпы орта мектебінің командасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі І орын өзгелерден ептілігімен ерекшеленген «Жаңа жол» жалпы орта мектебі командасының қанжығасына байланды.
Жарыс соңында жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншыларға ұйымдастырушылардың алғыс хаттары, дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *