ҒАШЫҚТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «БОЗБАЛА МЕН БОЙЖЕТКЕН» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 15 сәуір – Қозы Көрпеш Баян Сұлу ғашықтар күніне арналған «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауы өтті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты жастарды әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу, жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыру, қатысушы жастардың білімі, зияткерлік қабілетін арттыра отырып мемлекеттік тілге құрмет көрсетуге дағдыландыру, талантты және дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауды Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Ақжігітұлы Төлепов ашып берді.
Сондай-ақ шараға қазылар алқасы мен БАҚ өкілдері, көрермен жанкүйерлер қатысты.
Бекітілген ережеге сәйкес үш кезеңнен тұрған байқауға жоғары және орта арнаулы орта оқу орындарынан 8 жұп қатысты.
«Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін салт-дәстүр бойынша ЛЭД экран арқылы таныстырып, арнайы дайындаған бейнероликтерін көрсетті.
«Шығармашылық өнер сайысы» деп аталған ІІ кезеңде қатысушы өз өнерін – би билеу, жанды дауыста ән айту, музыкалық аспаптарда орындау, өлең оқу, халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты қойылымдар қойса, «Зияткерлік бөлімі» деп аталатын кезеңде қатысушылар сахнаға шығып, арнайы конвертке жасырылған сұрақтарға көпшілік алдында жауап берді. Сұрақтар қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлері бойынша қойылды.
Байқау қорытындысы бойынша әділқазылардың шешімімен Сәкен мен Ару жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Бексұлтан мен Сымбат ІІ орынға табан тіреді. Ал, Абылайхан мен Аяулым І орынды қанжығаларына байлап, байқаудың жеңімпазы атанды.
Мұнан бөлек, Аңсар мен Диана «Көрермен көзайымы», Шохижохон мен Динара «Парасатты жұп», Бекнұр мен Ақмарал «Креативті жұп», Омар мен Тоғжан «Өнерлі жұп», Мадижан мен Махаббат «Жарасымды жұп» номинацияларымен марапатталды.
Барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *