МАҚТААРАЛДА “ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ КҮНІ” АТАЛЫП ӨТТІ

Мақтаарал аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» мерекесіне орай аудандық семинар өтті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Аталмыш жиынға Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бөлім басшысы, заңгер Ғабит Ақбердиев, Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алданияз Жолдасов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты негізгі және жалпы орта мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар қатысты.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алданияз Бастарұлының жүргізуімен өткен семинарда Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бөлім басшысы, заңгер Ғабит Ақбердиев «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың маңызы» тақырыбында баяндама жасаса, аудандық кәсіподақ комитетінің маманы Ержан Жанисов «Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың міндеттері» тақырыбы аясында білім беру мекемелері қызметкерлерінің декреттік, бала күтіміне байланысты демалысынан қайтып оралғанда жұмыс орнының толық сақталмауы, оның орнына басқа қызметкердің қабылдануы себепті сағат жетіспеуі, сағат жүктемесінің 18-ге жетпеуі сияқты жағдайларға байланысты жиі туындайтын еңбек дауларын шешудің тиімді тәсілдерін түсіндірді.
Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді. Ұсыныс-пікірлер талқыланды.
Сонымен қатар, жоғарғы жетістіктерге қол жеткізген еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігі мен Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің, аудандық кәсіподақ комитетінің бірлескен марапаттары тапсырылып, сый-сияпаттар жасалды.
“Мекемелердегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері әрдайым кәсіподақ ұйымының назарында. Аудан көлеміндегі білім беру ұйымдарының басшыларымен түрлі тақырыптарда оқу-семнарлары жылына бірнеше рет өткізіліп отырады. Қызметкерлердің өмір қауіпсіздігі мәселелері теориялық және практикалық тұрғыдан көрсетіліп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер жасалады. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мен еңбек инспекторларының бірлесе атқаратын жұмыстары туралы келелі ойлар талқыланып, алға қойылған мақсаттар мен жұмыс жоспарлары айқындалады” дейді аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алданияз Жолдасов.
Семинар соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты. Әуелете ән шырқалды, күмбілеген күй төгілді. Мың бұрала билеген қыздар жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *