ҚАЗАҚ ӘЛІППЕСІНІҢ АТАСЫ – АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

«Өнер алды – қызыл тіл» деп мақалдап өткен қазақ ақындары, жазушылары осы күнге дейін қазақ поэзиясында биік орын алады. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы. Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен. Өз достарының алды бола білген Ахмет өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздерімен өлең арқылы ой-сезімін білдірген. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын аямаған.

Ең алғаш қазақ тілінде әліппе кітабын жинақтаған да Ахмет атамыз еді. Қазақ балаларының көзі ашық, сауатты азамат болып шығуына септігін тигізген. Қазақ тіліндегі әліп-би осы сөздердің бәріне дәлел. Тек қана кітап жазумен тоқтамаған Ахмет, орыстың белгілі жазушыларының да белгілі еңбектерін ана тілімізге аударып, өзінің халыққа шам шырақ екенін дәлелдеп өткен.

Алғашқы ресми қаріп Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) дайындаған қазақ тіліне лайықталған араб жазу жүйесі. Халық арасында бұл «төте жазу» деп аталып кеткен. («Төте» – оңай, ең тиімді деген мағынада келеді). Ахаң 1910 жылы зерттеуін (қазақ тіліне ыңғайластыру) бастап, төте жазуды 1912 жылы қоғам арасына кіргізген екен. Бұл не үшін керек болды? Зерттеушілер келесі уәждерін айтады: «Біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын; Екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын; Үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды;  Төртіншіден, «мұсылманша сауат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін…» («Ана тілі» газеті, 2012 жыл).

Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды — жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды.

Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазды. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды.    Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларын баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды.

А.Байтұрсынов сауатты  жазуды бізге өсиет еткен. Алайда кейбір жағдайда сауатты жазу мәселесіне әлі де  көңіл бөліне бермейтін тұстарды  көріп, қынжылуға  тура келеді. Мысалы, көшедегі  жарнама, адамдардың  аты- жөні, жер-су аттары т.б.

Сонымен қатар бастауыш сыныптарда әліппенің жойылуы болашақ ұрпағымыздың сауатсыз болып қалыптасуына өз ықпалын тигізбей қоймады. Ақиық ақын М.Мақатаев: «Бар кітапқа бас болған, Әліппе – ғылым анасы. Әліппеден басталған Даналықтың данасы» деп  жайдан-жай жырламаған ғой. «Қолыңдағы әсем кітап «Әліппең» — аяулы ана тіліңнің мөлдір бастауы, білім шыңына жол ашар ақылшың» деген керемет сөздермен басталатын «Әліппеден» бас тартқанымыз әр қазақ баласын ана тілінің мөлдір бастауынан қол үздіргеніміз емес пе. Қателікті дер кезінде қолға алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында мектеп бағдарламасынан алынып тасталған әліппе 2021 жылы қайта енгізілетінін айтты.

«Әліппе мәселесін көптен бері ұстаздарымыз, ата-аналар көтеріп жүр. Бұл мәселе маңызды. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізіледі. Біз қазір осыған байланысты жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Аймағамбетов.

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынов ана тіліне әлеуметтік лингвистикалық тұрғыда ерекше мән берген. Ол: «…һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу – сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуға тиіспіз», — деген еді. Сондықтан «Атаның аздырмай берген  мүлкін, қолымызға алып быт – шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас»,- деп білемін. Осы орайда, А.Байтұрсыновтай дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс. Тілімізді таза ұстаймыз десек, орфография мәселесінде А.Байтұрсынов ұстанған принциптерді басшылыққа алып, ана тіліміздің мүмкіндігін толық пайдаланып, өз тіліміздегі ғылым сөздерін қалыптастырып,  сырттан кірген терминдерге балама тауып, немесе тіліміздің дыбыстық ерекшелегіне сай жазуымыз қажет деп білемін.

МАЛШИЕВА Назым Ерханқызы,

«Ш.Құдайбердиев атындағы №32 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Түркістан облысы

Жетісай ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *