АСАНОВТЫҢ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕГІ КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУІ ЖАЛҒАСУДА

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуі Еңбекші ауылдық округінде жалғасып, округтің өзекті мәселелері сөз етілді деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Жиын барысында аудан басшысы өткен жылы және жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесуде Бақыт Насырханұлы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, округтегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті.
Жиын соңында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Кездесуде округке қарасты Т.Жайлыбаев ауылының тұрғындары мемлекеттен жеңілдетілген бағамен берілетін минералдық тыңайтқыштарды алу тәртібі, тік дренажды ұңғымалардың жұмысын реттеу, ауылдарға газ әкелу, ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу, жарықтандыру, аяқжол салу, ауылшаруашылығы жерлеріне баратын жолдағы көпірді жөндеу қажеттілігін айтып, өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ, Жантақсай ауылының тұрғындары Жаңа құрылыс көшесіне электр бағаналарын орнату, асфальт пен аяқжол салу мәселелерін көтерді. Ал, Нұрлы таң ауылында спорт алаңын салуға жер учаскесі қажет екендігін жеткізсе, Шұғыла ауылында ауыз су, медпункт салу мәселесі айтылды.
Аудан басшысы мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап беріп, мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға жеке қабылдауын өткізді. Қабылдауға құқық қорғау органдардың басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысып, мәселесін көтеріп келген әрбір тұрғынға қанағаттанарлық жауаптар берілді.
Айта кетейік, аудан әкімінің, кенттер мен ауылдық округтері әкімдерінің халықпен тұрақты кездесулері және жеке қабылдауларды өткізу мерзімдері БАҚ пен аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсына, әлеуметтік желілердегі парақшаларына алдын ала жарияланған болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *