ЖЕТІСАЙДА ТАҒЫ БІР ЗАМАНАУИ МЕШІТ АШЫЛДЫ

Жетісай ауданы, Жылы су ауылдық округінде бір мезетте 350 адамның еркін Құдайға құлшылық етуіне мүмкіндік жасалған, намазхана мен дәретхана, діни сауатын арттырушыларға арналған кішігірім кітапхана қарастырылған «Ән-Нуур» мешіті ел игілігіне тапсырылды деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Дін – дүниедегі әрбір жан иесінің өмір сүру үлгісі, екі дүниеде де бақытты болуға жетелер нәзік жол. Дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Әрбір ұлттың ұстанар діні, өзіндік ғұрыпы, дәстүр сабақтастығы мен бір ұлтты екінші ұлттан өзгешелейтін мінез-құлық ережесі және өмір сүру ерекшелігі болады. Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет, яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс.
Қоғамның басты тірегі – отбасы. Отбасының шаңырағы шайқалса қоғамның құты қашатындығы секілді ұлттық рухани және адамгершілік құндылықтарды, жүрегіндегі жылылықты әлсіретіп алып, аяқ асты еткен қай қоғамның да көп ұзамай бордай тозары анық. Сондықтан жас ұрпақтың жүрегіне иман нұрын ұялатып, күш-қуатын байыта білу бүгінгі қоғамның алға қойған басты міндеттерінің бірі.
Міне, осы бір жауапкершілігі үлкен адами міндеттің аясында Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінде Пердебек қажы Бахтияров иісі мұсылман үшін қасиетті болып табылатын рамазан айында Алланың жердегі үйін ашып, ел игілігіне тапсырды.
Салтанатты шараға ҚМДБ наиб-имамы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мен Жетісай ауданының бас имамы Жорабай Дулатбаев пен дін саласының мамандары, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Өмірден өткен ата-баба рухына құран бағышталып, ас берілді. Жамағатпен бірге жұма намазы оқылды. Көпшілікпен бірге мешіт ауласына көшет егілді.
Бір мезетте 350 адамның еркін Құдайға құлшылық етуіне мүмкіндік жасалған «Ән-Нуур» мешітінде намазхана мен дәретхана, діни сауатын арттырушыларға арналған кішігірім кітапхана қарастырылған.
«Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады» дейді ауданның бас имамы Жорабай қажы Дулатбаев.
Қазіргі болып жатқан идеологиялық күрес пен саяси тактикалар дәуірінен өскелең ұрпақты аман алып қалу жолында еткен еңбегін жоғары бағалаған ағайын-туыс пен ауылдастары Пердебек Бахтияровтың иығына зерлі шапан жауып, астына ат мінгізді. Алғыстарын айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *