ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРБЫЗЫ АЛМАТЫҒА ЖІБЕРІЛДІ

Негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты Жетісай ауданының шаруалары алғашқы бақша өнімдерін жинап, Алматы қаласына жіберіп отыр деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Жетісай ауданына қарасты Атамекен ауылдық округіндегі «Павел» шаруа қожалығы өзінің иелігіндегі 9 гектар егістікке 20 жылдан бері бақша дақылдарын егіп келеді.
Биылғы жылы да қарбыздың ерекше күтімді қажет ететін «Виктория» сортын сәуір айының басында еккен. Қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп жетілген қарбыздан шамамен 300 тонна өнім алынады деп жоспарланып отыр. Ағын суды үнемдеу мақсатында енгізілген тамшылатып суғару әдісі өнімнің артуына да септігін тигізіп отыр.
«Алғашқы өнімнің 20 тоннасын қазір Алматыға жіберіп жатырмыз. Кейін Ақтөбеге жібереміз. Жылдағыдан шығын көп болғанымен бағасы да жақсы, келісін 230-250 теңге аралығында сатып жатырмыз. Тамшылатып суғару әдісін қолданатындықтан ағын судан, минералды тыңайтқыштардан қиындық көрмедік. Өнімділік те ойдағыдай» дейді шаруа қожалық төрағасы Владимер Шин.
Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 78 мың гектар суармалы жердің 49,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың жерге дәндік жүгері, 2,3 мың га жерге көкөністер мен тағы басқа дақылдарды еккен.
«Аудандағы 17 мың гектарға егілген бақша дақылдарының 3,5 мың гектары қарбыз. Биылғы жылы 500 мың тоннадан астам бақша өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр.
Былтырғы жылы 21 мың гектарға егілген бақша дақылдарынан 625 мың тоннадан астам өнім алынып, облыста «Үздік бақша өндіруші аудан» атандық» дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.
Айта кетейік, жетісайлық шаруалар ерте егілген қырыққабат дақылынан 30 мың тоннадан астам өнім жинап, шет елдер мен еліміздің басқа өңірлеріне жіберілген.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес бір жерден алынатын өнімнің көлемін арттыру мақсатында ерте жиналған өнімнің орнына екінші дақылдарды егу жұмыстары 1,1 мың гектардан астам алқапқа жүргізіледі деп жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *