«ЫРЫС» МКҰ ӨРТТЕН МАТЕРИАЛДЫҚ ЗИЯН КӨРГЕН КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ БАСТАДЫ

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес «Ырыс» МКҰ «Қолдау» бағдарламасы аясында Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» орталық базарында болған өрттен материалдық шығынға ұшыраған кәсіпкерлерге төмен пайызда несие беруді бастады.
Бұл жөнінде «Ырыс» МКҰ төрағасы Мұхит Мыңбаев аудан әкімдігінде өткен жиында мәлімдеді.
Жиынға аудандағы өрттен зардап шеккен саудагерлерге арналып ашылған 6 сектордың мамандары, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев пен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Жетісай аудандық филиалының директоры Талғат Бапаев, БАҚ өкілдері қатысты.
Жылдық үстемесі 1 пайызды құрайтын несие көлемі 100 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін. Екі түрлі жолмен беріледі – 2 млн теңгеге дейін кепілсіз және 2 млн-нан 5 млн-ға дейінгі кепілмен несие.
Кәсіпкерлердің қаражат алуларын барынша жеңілдету мақсатында ауданға ұйымның арнайы 7 маманы белгіленген секторларға бекітілген. Берілген өтініштердің қаралу мерзімі 7 жұмыс күні.
«Біздің басты мақсатымыз – өрттен зардап шеккен аудан кәсіпкерлеріне шұғыл түрде қолдау көрсету, тығырықтан шығуларына мүмкіндік жасау.
36 айға дейінгі мерзімге берілетін кепілсіз несие алғандар алғашқы 6 айда 4 мың теңге көлемінде, кепіл қойып алғандар 13 мың теңге көлемінде алған суммаларының үстіндегі пайызын ғана төлейді. 6 айдан соң бекітілген кестеге сәйкес төлем жасалады» дейді «Ырыс» МКҰ төрағасы Мұхит Мыңбаев.
Несиеге өтініш берушінің жеке куәлігі, салық органдарына қарызы жоқтығы жайлы анықтама мен өрттен материалдық зардап шеккен азаматтардың тізімінде болуы міндеттеледі.
Қосымша мәліметтерді кәсіпкерлер өздері құжат тапсырған секторлардағы арнайы мамандардан алуларына болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *