ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҰШЫРАЙ ҚАЛСАҢЫЗ

Қазақстандық мамандардың жүргізген статистикалық талдауына сүйенсек, елдегі әйелдердің 70 пайызға жуығы өмірінде бір рет болса да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал, олардың тек 10 пайызы ғана дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгінеді екен.
Қазақстан 1998 жылы Әйелдерге қатысты барлық дискриминация түрлерін жою туралы конвенцияға қосылғанымен БҰҰ Қорының деректері бойынша Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болатын әйелдердің саны 1 жылда 500-ге дейін жетеді екен.
Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, адам өлімін болдырмау мақсатында елімізде арнайы қабылданған Заң талаптары бойынша жәбірлеуші Сізге немесе балаларыңызға 300 метрге жақын келуіне болмайды. Алайда, заңда көрсетілгенімен қазақы менталитетімізде мүлдем басқаша.
Біздің түсінікте отбасында зорлық-зомбылық көретін әйелдерде «ұят болады», «балалар үшін шыдаймын», «бөтен емес, өз күйеуім ғой», «барлығы арақтың кесірі, ішуін қойса ұрмайды» деген өзін-өзі алдаусырату жүйесі қалыптасқан. Алайда, қылмыстық істер ақпарына назар салсаңыз, ең қанқұйлы оқиғалар қарапайым отбасылық жанжалдардан басталып, әйеліне күн көрсетпейтін «тиран» балаларына да зорлық жасайтын жағдайлар жиі кездеседі.
Бұрын полиция отбасылық ұрыс-керістерге көп назар аудармайтын. Алайда, қазір учаскелік полиция, патрульдер мұндай қоңырауларға лезде жетіп, бұзақыны құрықтай алады.
Шетелдерде өз әйеліне, жақындарына күн көрсетпейтін «батырды» тұрғын үйдің оған тиесілі болу-болмауына қарамастан көшіреді екен. Ал, біздің заңда ондай тиранның əйелімен, балаларымен бірге тұрмауы тиіс екені айтылған. Тек, ол тұлғаның басқа баспанасы болған жағдайда ғана.
Құдай бетін аулақ қылсын, егер үйде зорлық-зомбылық жағдайлары тұрақты болып тұрса, мына кеңестерді есте ұстағаныңыз абзал:
— Телефонды іштен құлыпталатын бөлмеде ұстаңыз, барлық шұғыл номерлерді жаттап алыңыз;
— Ұялы телефонды өзіңізбен ұстаңыз;
— Егер жанжал басталса, қайда баратыныңызды алдын ала шешіп қойыңыз;
— Балаларыңызға, достарыңызға, көрші-қолаң, туыстарға көмек қажет екенін білдіретін құпия сөзді ойлап табыңыз.
Егер жанжал шығып, өміріңізге қауіп төніп тұрса:
— Дереу полицияға 102 номеріне хабарласыңыз;
— Үйден шығып кетуге тырысыңыз;
— Егер үйден шыға алмасаңыз, ас үй, гараж секілді қару ретінде қолданатын заттары көп бөлмелерден алыс болуға тырысыңыз;
— Шыға алмай қалатын жертөле, қойма, шолан сияқты бөлмелерден де алыс болыңыз;
— Достарыңызға, жақындарыңызға қандай да бір әдіспен қауіп төнгенін хабарлаңыз.
Үйден қашарда:
— Балаларыңызға, жаны ашитын жандарға қайда кететініңізді хабарлаңыз. Тек бұл адамдарға сенімді болсаңыз;
— Балаларды алып кетуге мүмкіндік болса, оларды қалдырмаңыз;
— Қауіп туралы құпия сөзді балаларға айтыңыз. Қашатын кезде бір-біріңізді сөзсіз түсінуіңіз қажет;
— Үйіңіздің қосымша кілтін сенімді адамдарға беріп қойыңыз. Киім-кешек, қажетті заттарды ала-алмаған жағдайда, кейін келіп алуыңызға немесе біреулерді жіберуге болады;
— Өзіңіздің, балалардың құжаттарын, азын-аулақ ақша немесе банк карточкасын алып кетуге тырысыңыз;
— Егер баратын сенімді таныстарыңыз, туыстарыңыз болмаса, дағдарыс орталықтарының мекен-жайын біліп жүріңіз. Отбасылық зорлы-зомбылық туралы 102 телефонына кез-келген упқытта хабарлай аласыз. Қоңырау келісімен Сізге міндетті түрде көмек береді. Қазақстанның барлық дерлік үлкен қалаларында әйелдерге көмек беретін арнайы дағдарыс орталықтары мен оларға уақытша баспана беретін үйлері болады.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, бұл туралы үндемей қоймаңыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Жәрленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ, оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар. Жетісай аудандық полиция бөліміне немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы арызбен тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция инспекторларына 6-70-20, 42-9-65, 102 сенім телефондары арқылы хабарласа аласыз.

Жетісай ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры ШАЛБЕКОВА ЖАННА ХАМИДҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *