ТҮРКІСТАН — ЖЕТІСАЙ: ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты Үндеуі әрқайсымызға елде болған соңғы оқиғалардың қасіретін, бірлік пен келісімнің, рухани құндылықтардың, елдегі бейбітшілік пен тыныштықтың маңыздылығын ұғындырды.
Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Президент Үкіметтің жаңа жетекшісінің кандидатурасын таныстырып, елдің экономикалық және саяси өзгерістерінің негізгі бағыттарын жариялады.
Көптен бері түйіні тарқатылмай келе жатқан қоғамдық мәселелерді ашық та анық қозғап, тығырықтан шығатын жолдарды нұсқау арқылы мемлекеттік аппаратқа ел азамттарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тиісті тапсырмалар берді.
Солардың бірі ел арасындағы барлық топ өкілдерінің табысын өсіру болса, енді бірі, сұйытылған газ бен жанар жағар майдың, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз көтерілмеуі болды.
Баға тұрақтылығын бақылауды арнайы құрылған комиссияға тапсырған мемлекет басшысы инфляцияны төмендету арқылы 2025 жылға қарай 3-4 пайыздық дәлізге қол жеткізуді қадап тапсырды.
Негізгі қаржысы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы күрделі мәселелерді шешуге бағытталатын «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды ұсынды.
Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен ұсынған жобаларын жүзеге асыру жолында «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы  жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы мүшелері бар күш-жігерлерін жұмсайтын болады. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктер мен сыбайлас жемқорлық жәйттерінің алдын алу, мемлекеттік қазынадан қаралған қаражаттардың әрбір тиынының мақсатты жұмсалуын, партияның сайлауалды бағдарламасында жүзеге асырылуы жоспарланған жұмыстардың санына емес, сапасына назар аударуды басты назарда ұстап келеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қарастырып, түбегейлі қайта құруға қатысты тапсырмаларының маңыздылығын мойындай отырып, қазіргідей күрделі кезеңде қоғамдағы тыныштықты, бірлік пен келісімді сақтауға баршаңызды шақырамын!

Алладин МЫРЗАХАНОВ
Жетісай аудандық мәслихатының депутаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *