ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 223 ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық экономика министрлігінен 11,7 млрд теңге қаржы қаралып отыр деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылға 320 жобаны іске асыруға қажетті қаржы 18 млрд. теңгені құрады. Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізіліп, 11,7 млрд. теңгеге 223 жоба қолдау тапқан. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі аппаратының отырысында айтылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің бюджетаралық қатынастарын жетілдіру және «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысындағы жұмыстарды саралап, тиісті басшыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Елімізде төтенше жағдай болғанын білесіздер. Қазір жағдай тұрақталды. Облысымызда ел бірлігі мен полицияның қырағы әрекетінің арқасында өңірде лаңкестікке жол берілмеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде Оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аудару керек. Бюджетаралық қатынастарды реформалау, аграрлық кешенді субсидиялауды жетілдіру, мал азығымен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, жастарды жұмыспен қамту, білікті педагогтарды тарту, дін, азаматтық қоғам және жастар саясаты бойынша жоспарланған шаралар мен міндеттерді айқындау керектігін де айтты. Облысымызда осы бағыттарда жұмыс күшейтіледі, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Жиында Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының 109 жобасын жүзеге асыруға қосымша 7,8 млрд. теңге қажет. Осыған байланысты республикалық бюджетті нақтылауға тиісті өтінімдер енгізу бойынша жұмыстар басталды. Жалпы жоба аясында 5 жылда 614 елді мекенге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Салалық басқармалар, аудан және қала әкімдіктерімен іске асырылатын жобалардың тізбесі қалыптастырылады.
Облыста мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен –ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-сі – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта өңірімізге қажетті мұғалімдер санын анықтап, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шаралары мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.
Облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары жіті назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін, бұл елдің әлеуетін көтеруде маңызға ие екенін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *