ШАРДАРАДА АЛҒАШҚЫ МЕДІРЕСЕНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шардарада ауданның бас имамы Марат Асановтың бастамасымен, жергілікті демеушілердің қолдауымен аудандағы 150 орындық алғашқы медіресенің құрылысы басталып, бүгінде бірінші қабатының қабырға қалау жұмыстары аяқталған деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Ауданда алғаш рет бой көтеріп отырған медіреседе шәкірттер діни сауат ашумен қатар философия негіздері, математика, музыка, құқықтану, медицина саласынан да білімдерін кеңейтіп, білікті маман, қоғамдық ортаға белсене араласатын тұлға ретінде қалыптасатын болады.
Медресе кәсіптік білім беру оқу орны санатына жататындықтан мұнда діни біліммен қатар қазіргі заман талабына сай, мемлекеттік білім стандартында көрсетілген пәндер оқытылатын болады. Медресенің оқу корпусы барлық қажетті жиһаздармен, соңғы үлгідегі техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, қоры бай кітапхана да қызмет көрсетпек.
Мұнда келушілерге діни сауаты жоғары, өз саласының ғұламаласы атанып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-бабалардың дін мен дәстүрдегі тағылымдық-тәлімдік, білім мен біліктілік мәні жоғары мұраларын ұғындыра білетін мамандар дәріс бермек. Қажетті мамандармен келіссөздер қазірден бастап жүргізілуде екен.
Бұған дейін де ауданның бас имамының бастамасымен жомарт жанды аудан демеушілері тарапынан орталық мешіттің сыртқы қасбеттерін орта жөндеуден өткізіп безендіру, аумағын асфальттау, жылыту пешін орналастыру секілді бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бірнеше рет аудандағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған.
Жаңадан бой көтеріп жатқан білім ұясында да ұлдар мен қыздарды имандылық пен инабаттылыққа тәрбиелейтін оқу корпустары жұмыс істемек.
«Орта Азия мен Қазақстанда білімнің, ғылымның, мәдениеттің қайнар бастауы VIII-XII ғасырлардан жататынын жадымыздан шығармауымыз керек.
Асылды тот баспайтыны сияқты, әу баста тілі «Алла» деп шығып, ана сүтімен бір «Аллаға» деген құлшылыққа қанып өсіп, жасынан медреседе білім алған жастардың бойында мейірімділік пен имандылық адалдық пен отансүйгіштік, бауырмашылдық пен адалдық сезімдері қалыптасады. Зиянды әдеттер мен қылмыстан, құқық бұзушылықтар мен өз-өзіне қол жұмсаудан бойларын аулақ ұстайтын болады» дейді ауданның бас имамы.
Болашақта Шардара медіресесінде маман дайындау деңгейіне, білім бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнына, білім беру үрдісіндегі кадрлық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етудегі талаптар күшейе түсетін болады. Өйткені, үлгерімі жақсы бітірушілердің өз білімдерін әлемнің үздік Ислам университеттерінде жалғастыруларына мүмкіндіктер қарастыралады деп жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *