ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темір Қырықбаев пен ардагерлер жүздесу барысында елдегі саяси тұрақтылық пен ұрпақ тәрбиесі жолында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, пікір алмасты деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Қоғамның басты тірегі – отбасы. Отбасының шаңырағы шайқалса қоғамның құты қашатындығы секілді ұлттық рухани және адамгершілік құндылықтарды, жүрегіндегі жылылықты әлсіретіп алып, аяқ асты еткен қай қоғамның да көп ұзамай бордай тозары анық. Сондықтан жас ұрпақтың жүрегіне иман нұрын ұялатып, күш-қуатын байыта білу бүгінгі қоғамның алға қойған басты міндеттерінің бірі. Сондай жобалардың бірі «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы.
Аталмыш жоба аясында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темір Қырықбаев пен «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов партия ардагерлері Ботабек Жұматов пен Төлеген Беркінбаевтың шаңырақтарында болды.
Халық қалаулылары жастық ғұмырында сан салада адал еңбек етіп, елінің дамуына аянбай тер төккен абыз ақсақалдар мен тек ұрпақ тәрбиесінде ғана емес бүкіл бір ұлттың тәрбиесіне еңбек сіңірген аналарға сый-құрмет көрсетті.
«Біз қарияларымыздың үйлерін аралап қана қоймай заманында қара жұмыспен есейіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еркін елдің іргетасын қаласқан, шаңырағын көтерісіп, уығын қадасқан жандардың денсаулық жағдайынан хабар алдық, әлеуметтік ахуалымен таныстық» дейді облыстық мәслихат депутаты Темір Қырықбаев.
Көрсетілген құрметке алғысын айтқан партия ардагерлері ағалық ақыл-кеңестерін айтып, елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің толастамауын тіледі.
«Бүгінгі жас – ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, иманды, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу ісінде, ұлтымыздың болашағын қалыптастыруда «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол – баршамызға ортақ міндет» дейді қазыналы қарттар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *