ДӘУЛЕСКЕР КҮЙШІНІҢ МЕРЕЙ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

50 жылдан астам уақытын өнерге арнаған Мырзашөлдің мақтанышы, 10-нан астам кітаптардың авторы, күйші-композитор Бөрі Исаның 77 жылдық мерей тойын Жетісай ауданының жұртшылығы жоғары дәрежеде атап өтті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Туған жерінің өнерін асқақтатып, елі үшін еңбек еткен мырзашөлдік азаматтардың бірі – күйші-композитор, профессор Бөрі Иса.
Саналы ғұмырын өнермен ұштастырып, туа біткен талантымен ерекшеленіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген тұлға өзінің 50 жылдан астам ғұмырын қазақтың қара домбырасының қасиетін қастерлеуге арнаған.
Бүгінде 77 жасқа келген дәулеткер күйші жуырда «Құрманғазы» атындағы ұлттық консерваториясы ғылыми кеңесінің шешімімен «Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры» атағын алды. Мерей тойы аясында өткізген «Өмірім менің – өнерім» атты шығармашылық кешін Жетісай халқы зор ықыласпен тамашалады.
Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ғимаратында өткен Бөрі Исаның жеке өнер кешіне аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаттары мен ауданның экс-әкімі Жамантай Бейсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов пен әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаева, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет майталмандары, аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Бөрі Иса ағамыз тек Мырзашөлдің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы. Ел аузында жүрген «Алматыда Нұрғиса, Жетісайда Бөрі Иса» деген сөз бекер емес. Композитордың «Мерекелік күй», «Желтоқсан», «Наурыз тойы», «Ұстаз», «Әлқисса-Нұрғиса» сынды күйлері халық арасында кең таралған. Ағамызды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып шығармашылық табыс, деніне саулық тілеймін! Шабыттанудан шаршамай, ел жадында мәңгі сақталар туындыларыңыз таусылмасын» деген ізгі тілегін айтқан аудан басшысы мерей той иесіне құттықтау хатын табыстап, қазақы салтпен иығына зерлі шапан жапты.
Өнер кешіне «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен бас дирижеры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков, Оразәлі Жаңабай, Руслан Ақынбеков, Шыңғыс Исаев, Құрманғазы Абдухаликов сынды өнер майталмандары арнайы қатысып, көрермендерге рухани демалыс сыйлады.
1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданында дүниеге келген Бөрі Исаұлы алғашқы еңбек жолын 1963 жылы Жетісай халық оркестрінің дирижері болып бастаған. 1966 – 1971 жылдары Қазақ Мемлекеттік консерваториясын концерт орындаушысы, оқытушы, ұлт аспаптар оркестрінің дирижері мамандығы бойынша аяқтап, 1972 – 1996 жылдары Жетісай қазақ музыка театрының бас дирижері болды. 1997 – 2020 жылдары «Сырдария» университетінде «өнер» кафедрасының доценті болып көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Егемен елдің мәдениет саласына қосқан сүбелі еңбегі еленіп «Мақтарал ауданының Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры атақтарының иегері, 1967, 1972, 1976 жылдары Бүкіл одақтық фестивальдардың лауреаты атанды. 10-нан астам кітап жазды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *