БІРЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Жастар арасында бұқаралық спортты дамыта отырып салауатты өмір салтын насихаттау, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 2009 – 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында Жетісай ауданының ашық біріншілігі болып өтті деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Жетісай қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өткен ашық біріншілікке Ордабасы, Келес, Түлкібас және Жетісай аудандарынан 9 команда қатысып, жасыл алаңның мықтыларын анықтады.
«Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – бұл біздің жалпы ұлттық міндетіміз” деген сөзін негізге ала отырып 2022 жылдың «Балалар жылы» аталуы аясында «1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне» орай футболдан ашық біріншілік өткіздік. Өйткені, спорт – бірінші кезекте жастарымыздың жат қылықтардан бойларын аулақ ұстауларына, дені сау азамат болып қалыптасуларына, болашағына жоспар құрып, алдарына мақсат қоя білулеріне, ең бастысы – сол мақсаттарына жете білуге тәрбиелейді. Бұқаралық спортты дамыту – жастардың арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра білулеріне оң ықпал етеді» дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Жасыл алаңда тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша жарыстың ІІІ орны Жетісай спорт клубының «Д.Қонаев» атындағы IT лицейінің командасына бұйырса, «Арманс Жетісай» футбол мектебінің құрамасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі І орын өзгелерден ептілігімен ерекшеленген Жетісай спорт клубының теңбіл доп шеберлерінің қанжығасына байланды.
Жарыс соңында жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншыларға, ұйымдастырушыларға Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан алғыс хаттар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *