200 ОТБАСЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАЛДЫ

Қасиетті Рамазан айының соңғы күндерінде Жетісай ауданы имамдарының ұйымдастыруымен 200 отбасыға қайырымдылық жасалды деп хабарлайды aqparaqnews.kz порталы.

Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады.
Өскелең ұрпақтың бойында адами қасиеттерді қалыптастыру мақсатында Жетісай ауданының «Нұғман» орталық мешітінде аудандағы қала, ауыл мешіттерінің ұйымдастыруымен «Шарапатты Рамазан» қайырымдылық шарасы өтті.
Мешіт жамағаттарының демеушілігімен қасиетті Рамазан айының соңғы күндері өткен шараға аудандық орталық мешіттің бас имамы Жорабай Дулатбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбетов, аудан мешіттерінің имамдары қатысып, қасиетті айдың қадірі мен сауаптары жайында айтты.
«Біз мұндай қайырымдылық шараларын бұған дейін де өткізіп келгенбіз, алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырып отыратын боламыз. Өйткені, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттері біздің бойымызға ананың сүтімен, атаның қанымен тараған қасиет» дейді Жорабай Дулатбаев.
Аллаға шүкір, барша мұсылман қауымы көптен күткен қасиетті рамазан айы да келіп жетті. Мешіттер мен үйлерде қасиетті Құран бастан-аяқ жиірек бағышталады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризашылығым үшін доғарды. Ораза — мені мен құлымның арасындағы риясыз шынайы ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөліркеуден шыққан аузының иісі Мен үшін мискі әтірінен де тамаша» деп оразаның қаншалық зор әрі ізгі амал екенін сүйіншілеп жеткізген.
«Алла Тағала шын мұқтажға қайырымдылық жасап, қолтығынан демеген баршаңызды рамазан оразасын шын ынта-ықыласымен ұстаушылардан, қияметте әр-Райиан есігінен кірушілерден еткей. Жасаған жақсылықтарыңыз үшін айтар алғысымыз шексіз» дейді шараға қатысқандар.
Айта кетейік, қайырымдылық шарасында көпбалалы және аз қамтамасыз етілген әлеуметтік әлсіз 200 отбасыға жалпы құны 3 миллион теңгенің азық-түлігі таратылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *