Тіл халықтың жаны, ұлттың айнасы. Тіл арқылы адам өз ойын, сезімін, мәдениетін, дүниетанымын білдіреді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөздің мәні де осында. Ана тілімізді қадірлеу — ұлт болашағын сақтау деген сөз. Оқушылардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, олардың дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыру — әр ұстаздың басты мақсаты.

Осы мақсатта N44 «Жаңа дала» жалпы білім беретін мектепте 5-6 сынып оқушылары арасында «Тілім менің — тірлігімнің айғағы» атты мәнерлеп оқу сайысы өтті. Сайыс барысында оқушылар өздерінің тілге деген сүйіспеншілігін, жүрек тебіренісін өлеңдер мен прозалық шығармалар арқылы жеткізді.
Сайыс үш кезеңнен тұрды — «Кім тапқыр?» деп аталатын бірінші кезеңде балмұздақ таяқшасына тапсырмалар жазылды. Ол бойынша қатысушылар тіл туралы өлең шумақтарын оқуы немесе мақал-мәтел айтуы керек.
«Аудармасын тап» деп аталатын екінші кезеңде ортаға суреттер жасырылды. Әрбір оқушы кезек-кезек келіп суреттерді алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде аудармасын айтты.
Ал, «Жыр маржан» деп аталатын үшінші кезеңде оқушылар танымал ақындардың өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыды.
Сайыс барысында оқушылар өз өнерлерін, тіл байлығын, шешендік қабілеттерін көрсетті. Әрбір оқушының сөзге деген құрметі мен сезімталдығы байқалды.
Байқау нәтижесінде ІІІ орынды 6-сынып оқушысы Р.Сойыпжанова, ІІ орынды 5-сынып оқушысы А.Қожахмет иеленсе, жүлделі І орынды қанжығасына байлаған 6-сынып оқушысы Б.Қошқарбай жеңімпаз атанды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған сайыс барысында қатысушылар өздерінің жаңа қырларын көрсетіп, ана тіліне деген құрметтері мен сүйіспеншіліктерін арттырды.
«Мұндай сайыстар өскелең ұрпақты әдебиетті сүюге, сөз өнерін қадірлеуге және ана тіліне құрметпен қарауға тәрбиелейді» дейді шараны ұйымдастырушылар.
Дильшот Санакулова
N44 «Жаңа дала» жалпы білім беретін мектебі КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
