Тіл — адам баласының қарым-қатынас құралы. Тіл — ойды жеткізуші. Әр ұлт өз тілін қадірлейді, қастерлейді. Біздің мемлекетіміз көп ұлтты мемлекет болғандықтан тілдер мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
Қыркүйек айында «Жаңа дала» жылпы білім беретін мектебінде дәстүрлі Тілдер онкүндігі жоғары деңгейде өткізілді. Онкүндіктің негізгі мақсаты — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытудың маңыздылығын арттыру, оқушылардың тілге деген қызығушылығын ояту, үштілділікті дамыту және мәдениеттер арасындағы өзара құрметті қалыптастыру болды.
Онкүндік бойы мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды: тіл білгірлері сайысы, көріністер мен қойылымдар, эссе жазу және мәнерлеп оқу байқаулары, викториналар мен ашық сабақтар өтті. Бұл шаралар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, тілдік сауаттылығын және көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін дамытуға зор мүмкіндік береді.
Онкүндіктің қорытындысы ретінде өткен жабылу салтанаты ерекше әсерлі болды. Шара барысында мектеп оқушылары үш тілде өлеңдер оқып, әндер шырқады, көріністер қойды. Көрермендер әр тілдің сұлулығын, маңызын сезініп, көптілді қоғамның болашағына көз жеткізді.

Салтанатты кеш соңында апталыққа белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар мен сынып жетекшілеріне мектеп әкімшілігі тарапынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тарту етілді. Мұғалімдер өз сөздерінде тіл үйренудің маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды әр тілдің байлығын құрметтеуге, білімдерін жетілдіруге шақырды.
Жабылу шарасы мектеп ұжымына қуаныш пен шабыт сыйлады. Тілдер онкүндігінің нәтижесінде оқушылар үш тілде еркін сөйлесуге ұмтылыс танытып, өз ана тіліне деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырды.
Г.ХАЛЕНОВА
N44 «Жаңа дала» ЖББМ КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
