Қазақ даласының әр өңірінде тарихтың таңбасы қалған киелі мекендер бар. Солардың бірі – Мырзашөл өңіріндегі Қызылқұм ауылдық округі. Осы құтты мекенде орналасқан №57 «Сарыарқа» жалпы білім беретін мектебі – тек білім ордасы ғана емес, ел болашағын қалыптастырған киелі шаңырақ. Бұл мектеп – Мырзашөлдің алғашқы көшінің ізі қалған, алғашқы білім шырағы жағылған мекен.
Сарыарқа мектебі — тарихы тереңде жатқан, елдің еңсесін көтерген азаматтар түлеп ұшқан қара шаңырақ. Қазіргі таңда Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының ішінде өзіндік орны, дара жолы бар. Осы мектеп қабырғасынан қанат қаққан шәкірттер ел басқару ісінде, заң саласында, ғылым мен білімде, түрлі кәсіптерде биік белестерді бағындырып келеді.

Тарихтан тағылым
Мырзашөлдің шөлін игеріп, тіршілік көгін тербеген алғашқы көш Қызылқұм аумағынан бастау алған. Дәл осы жерде алғаш қоныстанғандардың ұрпағы, бүгінгі ұрпақ – білімнің дәнін егіп, елдің ертеңін қалыптастыруда. Осы жолда №57 «Сарыарқа» мектебінің алатын орны ерекше. Мектеп жанындағы Мырзагелді Кемел атындағы кітапхана – ел руханиятының ордасына айналған мәдени ошақ.
Мектеп түлектері арасынан шыққан дара тұлғалар – бұл мекеменің маңызын айқындай түседі. Қызылқұм өңірінің төл перзенті Мырзақадыр Нұрбаев – осы өлкенің алғашқы заңгері атанып, ел заңдылығын қорғауда сүбелі еңбек сіңірген азамат. Ал аудан басшылығында ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарған Омарбек Нұржанов – ел басқару ісінде даналық пен адалдықтың үлгісі бола білді.
Қазіргі даму бағыты
Бүгінде мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Заманауи талапқа сай жаңа мектеп ғимараты салу үшін инвесторлар тартылып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың айғағы.
Мектеп тарихында ерекше еңбек сіңірген ұстаздардың қатарында Мырзақұлов Амангелдінің есімі зор құрметпен аталады. Ұлағатты ұстаз ретінде ол бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, білім мен тәрбиені ұштастырған білікті маман болды.
Сарыарқа мектебінің шәкірттері бүгінде білім бәйгесінде топ жарып, түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда аудан, облыс, республика намысын қорғап келеді. Бұл – ұстаздар еңбегінің, мектеп ұжымының бірлігінің нәтижесі.
Болашаққа бағдар
Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Осы орайда халық қалаулысы Исаев Қаһарбай мырзаның мектеп салу мәселесін көтеріп, болашақ үшін еткен еңбегі — көпке үлгі. Ел қамын жеген азаматтардың арқасында жаңа мектептің іргетасы қаланып, Сарыарқа мектебінің жаңа белеске көтерілетініне сенім мол.
Бүгінгі күн – өткенге тағзым, ертеңге үміт арту кезеңі. Сарыарқа мектебі – тарих пен болашақтың алтын көпірі. Бұл мектеп – ұлттың ұлы ұстаханасы, тұлға қалыптастыратын орда.
Ж.МОМЫНОВ
№57 «Сарыарқа» жалпы білім беретін мектеп директоры
