03-14 қараша аралығында өткен «Кәсіби қоғам — тең мүмкіндікпен басталады» атты онкүндіктің негізгі мақсаты — оқушылардың бір-біріне деген сыйластық қарым-қатынасын қалыптастыра отырып инклюзивті ортада әр баланың жеке қабілеті мен ерекшелігін тануға жағдай жасау, қолдау көрсету және қоғамда тең құқық пен тең мүмкіндіктің маңызды екенін ұғындыру болып табылды.

Апталық барысында «Артикуляциялық жаттығу мен нейрожаттығулар» көңілді үзіліс өткізілді. «Жан әлемін түсінейік» кинорубрика, «Бәріне ортақ ойын» инклюзивті ойын алаңы ұйымдастырылып, «Бала дамуы — бірлескен еңбек» атты ата-аналарға арналған тренинг сабақтар, «Жарық жүрек» атты арт-терапиясы, тұз терапиясы, құммен сурет салу, саусақпен бояу сабақтары өткізілді. Білім алушылар мен ұстаздардың жоғары белсенділігімен өткен онкүндік барысында мүмкіндігі шектеулі оқушылар да қалыс қалмай, қалыпты балалармен тең дәрежеде атсалысты. Сондай-ақ, онкүндік соңы N76 ЖББМ КММ-де «Инклюзивті білімге тең мүмкіндіктер мен сапалы білім» атты облыстық семинармен қорытындыланды.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде қоғамның даму деңгейі ең алдымен азаматтарының кәсіби шеберлігімен, еңбек мәдениетімен және жауапкершілік сезімімен өлшенеді. Нағыз кәсіби қоғам — бұл әр адамға өз қабілетін жүзеге асырып, ел игілігіне қызмет етуге мүмкіндік беретін әділетті орта.
Тең мүмкіндік — өркениетті қоғамның басты қағидасы. Әр азаматтың жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан бірдей мүмкіндікке ие болуы — әділдік пен дамудың кепілі.
Осы тұрғыда мемлекетіміз жастарға, әйелдерге, ауылдық жер тұрғындарына және мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Арнайы білім беру бағдарламалары, инклюзивті оқыту жүйесі мен кәсіби бейімдеу орталықтары ерекше жандардың қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасайды. Бұл — олардың әлеуетін ашуға, өз ісін табуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға жол ашады.
Кәсіби қоғамның іргетасы — баршаға тең мүмкіндік. Әр адамға өз орнын табуға, қабілетін іске асыруға және қоғамға үлес қосуға мүмкіндік жасау — біздің ортақ мақсатымыз. Сонда ғана біз әділетті, инклюзивті және өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырамыз.
Н.ЖҰМАТАЙ
N44 «Жаңа дала» ЖББМ КММ дефектологы

