Сонау ықылым заманнан атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған күрес – бабы келіскен балуанның бар мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қолдана отырып өзінің мықтылығын мойындататын спорт түрі.
Жетісай қаласындағы «Бекзат Саттарханов» атындағы спорт кешенінде боз кілемде атой салып, жауырыны жерге тимеген қазақ балуандарының ізбасарларының басын қосқан байрақты бәсеке басталды.

Түркістан облысының спорт басқармасы мен Жетісай ауданы әкімдігінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен 21–25 қаңтар аралығында өтетін Түркістан облысы чемпионатының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен спорт ардагері, Халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен еркін күрестен жасөспірімдер арасында Түркістан облысының аға бапкері Абылайхан Рыспаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битөреев пен Жетісай және Мақтаарал аудандары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары қатысты.

«Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірден келген жас балуандар өз салмақтары бойынша мықтыларды анықтауда. Бүгінгі күн – күрес спортының жаңа таланттарын анықтап, жаңа чемпиондардың жұлдызын жағатынына сенімдімін» деген аудан әкімінің орынбасары қатысушыларға сәттілік, төрешілерге әділдік тіледі.

Салауатты өмір салтын насихаттай отырып жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жарыста 2008–2009 жылы туылған жасөспірімдер 45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 келі салмақта өзара мықтыларды анықтаса, 2010–2011 жылы туылғандар 35, 38, 41, 44, 48, 52, 57, 62, 68, 75, 85, 85+ салмақ дәрежесінде кілемге шығады.

Түркістан қаласы мен барлық аудандардан келген 17 командада 22 салмақта бағын сынап жатқан 667 қатысушының ішінен топ жарған жеңімпаздарға ақпан айында Алматы және Орал қалаларында өтетін ел чемпионатына жолдама берілетін болады.